2016 жылдың 3 - тоқсанында «Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы» ММ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ішкі талдауын өткізу бойынша аналитикалық анықтама

«Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрі- басқарма) ветеринария саласында басшылықты жүзеге асыратын және Маңғыстау облысы аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады. Басқарма өз құзыретінің шегінде келесі функцияларды жүзеге асырады:

1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру;

2) ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

3) облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті облыстың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы облыстың жергілікті атқарушы органының ұсыныстарын және шешімдері жобаларын әзірлеу;

4) осы облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда пайда болған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнінде ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін облыстың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы облыстың жергілікті атқарушы органының ұсыныстарын және шешімдері жобаларын әзірлеу;

5) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау;

6) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аумақты аймақтарға бөлу туралы облыстың жергілікті атқарушы органының ұсыныстарын және шешімдері жобаларын әзірлеу;

7) уәкілетті органмен келісім бойынша облыс аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын бекіту;

8) облыс аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;

9) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасына арналған ветеринариялық препараттарды сақтауды, оларды аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;

10) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) және атрибуттарды тасымалдау (жеткізу), ветеринариялық паспортты дайындау жөнінде көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;

11) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және процессингтік орталыққа ақпарат беру;

12) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордың жүргізілуін ұйымдастыру;

13) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру;

14) облыс шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

15) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;

16) облыс шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

17) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;

18) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік                                ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:

ішкі сауда объектілерінде;

жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);

ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларда;

экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, облыс шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау                              (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;

экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;

тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;

экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, қайта өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;

19) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

20) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік            ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;

21) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды уәкілетті органға ұсыну;

22) жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, оларды сақтауды және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды                 (жеткізуді) ұйымдастыру;

23) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық және басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;

24) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;

25) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөнiндегі                     іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;

26) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларға қатысу;

27) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесін бекіту туралы облыстың жергілікті атқарушы органының ұсыныстарын және шешімдері жобаларын әзірлеу;

28) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде                                Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру кіреді.

2016 жылдың 3-тоқсанында ветеринария басқармасының штат саны                  11 бірлікті, нақты 7 құрады. Өткізілген мемлекеттік органдар арасындағы конкурс нәтижесі бойынша қаржы және есеп бөлімінің басшысы жұмысқа қабылданды.

5 бос орын бар: 1 бөлім басшысы мен 3 бірлік бас маман. /ветеринариялық – санитариялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы, вет-сан қауіпсіздік бөлімінің – 2 бас маманы мен қаржы және есеп бөлімінің – 1 бас маманы/

Ветеринария басқармасы басшысының 2016 жылғы 06 қыркүйектегі            № 04-05/34 н/қ бұйрығымен мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары бекітілген. Барлық мемлекеттік қызметшілер бекітілген біліктілік талаптарына сай.

Ветеринария басқармасы басшысының 2016 жылғы 8 қаңтардағы № 2 бұйрығымен бекітілген кесте-жоспарына сәйкес ветеринария басқармасының қызметкерлері уақтылы біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан өтеді. 3-тоқсанда 1 бөлім басшысы  жоспарланып, оқудан өтті.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ветеринария басқармасы басшысының бұйрықтарымен  тәртіптік және конкурстық комиссиялар құрамдары бекітілген.

Ветеринария басқармасының мемлекеттік қызметшілері тарапынан әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің нормаларын бұзған, мүдделер қақтығысы, еңбек тәртібін бұзған, тәртіптік жауапкерлікке тартылғандар фактілері жоқ.

Ветеринари басқармасының баршаға көрінетін дәлізіндегі қабырғада ветеринария басқармасы басшысының азаматтарды қабылдау кестесі, сенім телефонының нөмірі, мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі, басқарма бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің стандарттары мен регламенттері, тәртібі туралы ақпарат стенділер    орналасқан. Азаматтар мен заңды тұлғалардан қолданыстағы заңнаманы бұзу мәселелері бойынша өтініштер, қызметкерлердің әрекетіне шағымдар түсті. Шағымдар бойынша уәкілетті органдар тексеріс жүргізуде.

Бұқаралық ақпарат құралдарында ветеринария басқармасы  мен мемлекеттік қызметшілерінің атына теріс жарияланымдар жоқ.

26.12.2014 жылғы №986 Жарлығымен бекітілген ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының 4.5 –бөлімінің /сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру/ және ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл туралы» Заңының 9 - бабының /сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру/ талаптарын орындау мақсатында, Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы  «Өзіңнен баста» акциясы бойынша басқарма басшыларының табыс салығы мен мүлкі туралы ақпарат  2016 жылдың 26 шілдедегі № 126 «Маңғыстау», №126 «Огни  Мангистау» газеттерінде жарияланды. Осы акция бойынша ақпараттар  кейіннен басқарманың жаңадан құрылған интернет – ресурсында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» баннерінде орналастырылды.

Басқармада Маңғыстау облысы ветеринария басқармасы басшысының 2016 жылы 8 қаңтарда бекітілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтудің арналған іс – шаралар Жоспарына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын алдын-алу және жол бермеу бойынша үнемі жұмыс жүргізеді.

Осы жылдың 15 шілдесінде басқарма басшысының төрағалығымен және бөлім басшылары мен мамандардың қатынасуымен «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауда Заң нормаларын қатаң сақтау туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңының талаптарын кеңінен түсіндіру туралы кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Мәжіліс қорытындысында басқарманың бөлім басшыларына басқармаға келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін өз мерзімінде, сапалы және өтініш жасалған тілде жауап берілу қажеттігін, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңының талаптарына сәйкес басқарманың болашақта жоспарланған веб – портал ресми сайтына азаматтардың қол жетімді ақпаратты иеленуіне жағдай жасауды қамтамасыз етуді үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Ағымдағы жылдың 7 – қазанында басқарма қызметкерлері мен Ақтау қалалық ветеринария және ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқылау туралы» тақырыбында жиналыс өткізілді.Отырыс барысында басқарма басшысы кездесуге қатысушыларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл заңнамаларындағы жаңа өзгерістерге тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі тақырыбы бойынша сөз қозғады. Іс-шара аясында басқарманың ұйымдастыру – құқықтық және кадр қызметі бөлімінің басшысы Ш.Қонарбаева «100 Нақты қадам» Ұлт жоспары, «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясы» механизмдерінің жүзеге асуы туралы кездесу қатысушыларын хабардар етті.Тындалған ақпарат тындаушылар арасында қызығушылық танытты және осындай іс-шараларды тұрақты негізде өткізуге ниеттерін білдірді.