Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережені бекіту туралы


 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық агенттігінің төрағасы 2016 жылғы 21 қазандағы № 19 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 28 қазанда № 14374 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 24-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ереже бекітілсін.
      2. «Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2016 жылғы 26 сәуірдегі № 87 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 13748 тіркелді, 2016 жылғы 17 маусымда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментімен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуі;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімдік баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жолдануы;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануы;
      4) осы бұйрықтың Агенттіктің ресми интернет-ресурсына орналастырылуы қамтамасыз етілсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Агенттіктің төрағасы орынбасары А.Ж. Шпекбаевқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Мемлекеттік қызмет істері
      және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
      іс-қимыл агенттігінің төрағасы             Қ. Қожамжаров

  Қазақстан Республикасының 
 Мемлекеттік қызмет істері 
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі төрағасының
 2016 жылғы 21 қазандағы 
 № 19 бұйрығымен бекітілген

   Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның
Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы
ЕРЕЖЕ

   1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы Ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 24-тармағына сәйкес әзірленді (бұдан әрі - Қағидалар).
      2. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның әдеп жөніндегі комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) – Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде (бұдан әрi - Агенттік) мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған, сондай-ақ әдеп нормаларын бұзуға жол берген В-1, С-1, С-2, сонымен қатар мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның С-О-1, С-О-2 санаттарындағы қызметшiлерге қатысты тәртiптiк iстерді қарау үшiн құрылатын тұрақты қолданыстағы алқалы орган.
      3. Комиссия өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы», 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарын, Қағидаларды, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады. 

   2. Комиссияның негізгі функциялары

      4. Комиссияның негізгі функцияларымен:
      1) осы Ереженің 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік қызметшілерді (бұдан әрі - қызметші) тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту жөніндегі мемлекеттiк орталық органдарының басшылары атына ұсыныстар әзiрлеу және тәртіптік істерді қарастыру;
      2) сыбайлас жемқорлық пен қызметтік әдеп нормаларының талаптарын бұзу бойынша, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды алдын алу жөнiнде шараларды әзiрлеу;
      5. Комиссия функцияларын жүзеге асыру мақсатында:
      1) өзiнің мәжiлiстерiнде мемлекеттiк орталық органдардың, олардың ведомстволарының басшыларын тыңдайды;
      2) құқық қорғау және басқа мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан құжаттарды және ақпаратты сұратады;
      3) орталық мемлекеттік органдарына (арнаулы мемлекеттік  органдар мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен басқа) қызметшілерімен әдеп нормаларының талаптарын бұзу фактілері бойынша, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны бойынша Қағидалардың талаптарына сәйкес қызметтiк тексерiстер жүргiзу туралы ұсыныстар енгiзеді.

   3. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

      6. Комиссияның жеке құрамы Агенттіктің төрағасымен анықталады.
      Комиссияның құрамына орталық мемлекеттік органдарының өкілдері, соның ішінде, құқық қорғау органдарының мүшелері, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Комиссияның дербес құрамы тақ саннан және Төрағамен қоса 7-ден кем емес мүшеден тұрады.
      7. Комиссияның Төрағасы Агенттік төрағасының орынбасары болып табылады, ол:
      1) Комиссияны басқарады, оның жұмысын басшылыққа алуын іске асырады және ұйымдастырады;
      2) Комиссия мәжілісінің күн тәртібін анықтайды;
      3) Комиссия мәжілісін шақыртады және онда төрағалық етеді;
      4) Комиссия мәжілісінде қаралатын нақты мәселе бойынша баяндаушыны анықтайды;
       5) Комиссияның жабық мәжілісін өткізу туралы шешім бекітеді;
      6) Комиссияның шешімін мемлекеттік органға жолдайды;
      7) Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Агенттіктің төрағасына баяндайды.
      8. Осы Ереженiң 2-тармағында көрсетiлген мемлекеттік қызметшiлер Комиссиямен қабылдаған шешiммен келiспеген жағдайда оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым бере алады.
      9. Комиссияның жұмыс органы Агенттіктің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті (бұдан әрі - Департамент) болып табылады.
      10. Комиссияның хатшысы Агенттік Департаментінің қызметкері болып табылады, ол:
      1) Комиссияның отырыс хаттамасын жүргiзедi;
      2) Комиссияның іс жүргізуін қамтамасыз етеді.
      11. Комиссияның шешімі Комиссия Төрағасының қолы қойылатын еркін нысандағы хаттамамен рәсімделеді және оны қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күн мерзімде тиісті мемлекеттік органдарға және ұйымдарға таратылады.
      12. Комиссияның мүшелерін Комиссияның жұмыс органы мәжіліске үш жұмыс күн мерзіміне дейін мәжілістің жүргізу орны, күні, оның күн тәртібі туралы хабарланады және таныстырылады.
      13. Комиссияның мәжілісі:
      1) Комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысып отырса заңды деп саналады;
      2) қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi;
      3) қажет болған жағдайда, егер мәселелерді қарастыру мемлекеттік құпияны қозғайтын болса, онда Комиссия төрағасының шешімімен жабық отырыстар өткізіледі.
      14. Комиссияның шешiмдерi мәжiлiске қатысушы Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының үштен екісімен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешушi дауыс болып табылады.
      15. Мемлекеттік әкімшілік қызметшiнiң терiс қылық жасауы туралы мәлiметтер: жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, құқық қорғау және өзге мемлекеттiк органдардың материалдары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, қызметтiк жазбахаттар не тәртіптік теріс қылық жасаған адам жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері басшыларының ұсынымдары және өзге де материалдар болып табылады.
      16. Тәртіптік іс Комиссияның отырысында қаралғанға дейін оның хатшылығы қызметтік тексеру жүргізеді, оның барысында iске қатысы бар мән-жайлар мен мәлiметтер зерделенедi, тәртiптiк жауаптылыққа тартылатын адамдардан жазбаша түсiнiктемелер талап етiледi.
      17. Осы Қағиданың 2-тармағында көрсетілген қызметшiлердiң тәртiптiк терiс қылықтары фактілері бойынша қызметтiк тексерулер Агенттік төрағасының бұйрығымен тағайындалады және осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      Агенттік қажет болған жағдайда қызметтік тексеруді сол мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметі) тапсыруы мүмкін.
      18. Хатшылық тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылатын адамдарды Комиссия отырысының орны мен өткiзiлетiн уақыты туралы хабарландыру жөнiнде шаралар қабылдайды.
      Тәртiптiк Кеңестің отырысында тәртiптiк iс, егер тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылатын адамдар отырыс өткiзілгенге дейiн үш жұмыс күн бұрын тиісінше хабарландырылса, олардың қатысуынсыз қаралуы мүмкiн.
      Осы Ережеде тиісінше хабарлау деп мемлекеттік әкімшілік қызметшіні тікелей өзіне не жұмыс орны бойынша хатпен немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қолын қойғызып, не хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзгеде байланыс құралдарын пайдалана отырып, тапсырыс хатпен немесе жеделхатпен табыс етілетін хабарлау танылады.
       19. Комиссия мәжілісінде тәртіптік істер келесідей себептерде тоқтатылады:
      1) қызметшінің уақытша еңбекке жарамсыздығында;
      2) қызметшінің демалыста немесе iссапарда болу кезеңiнде;
      3) қызметшінің мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау уақытында өзінің лауазымдық міндеттерін орындаудан босатылғанда;
      4) қызметшінің даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арттыру курстарында және тағылымдамада болғанында;
      5) қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы мемлекеттік органдардың актілеріне оның сот тәртібімен шағым жасауы кезеңінде.
      20. Тәртiптiк iстi қарау қорытындылары бойынша Комиссия мынадай шешiмдердің бiрiн шығарады:
      1) тәртіптік жазаны қолданудың және оның түрi туралы ұсынысты тиісті мемлекеттiк органның басшысына жолдау туралы;
      2) осы Ереженің 21-тармағында көрсетілген жағдайларда тәртiптiк iстi тоқтату туралы;
      3) мемлекеттiк қызметшiнің iс-әрекеттерiнде қылмыс белгiлерi немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар болған жағдайда құжаттар мен материалдарды тиісті құқық қорғау органдарына немесе басқа уәкiлеттi органына жолдау туралы.
      21. Келесі жағдайларда тәртiптiк iс тоқтатылады:
      1) мемлекеттік қызмет туралы заңнамамен қарастырылған тәртiптiк жаза қолданудың мерзiмдерi өткенде;
      2) тәртiптiк терiс қылық құрамы болмағанда.
      22. Мемлекеттік органдардың басшыларымен Комиссияның ұсынымы бойынша жаза қолдану туралы шешім Ереженің 39-тармағына байланысты қарастырылады.



 

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК