Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттарын және тәлімгерлерді бекітудің тәртібін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы № 21 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 23 қарашада № 14448 болып тіркелді

      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттарын және тәлімгерлерді бекітудің тәртібі бекітілсін.
      2. «Мемлекеттік әкімшілік лауазымға алғаш рет қабылданған тұлғаларға тәлімгерлерді бекіту қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 11 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12754 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 15 қаңтарда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет департаменті заңмен белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығының» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Мемлекеттік қызмет істері және
      сыбайлас жемқорлыққа қарсы
      іс-қимыл агенттігінің төрағасы             Қ. Қожамжаров

  Қазақстан Республикасының  
Мемлекеттік қызмет істері және
 сыбайлас жемқорлыққа қарсы 
іс-қимыл агенттігі төрағасының
 2016 жылғы 21 қазандағы  
 № 21 бұйрығымен      
 бекітілген        

   Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттары
және тәлімгерлерді бекітудің тәртібі

   1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттары және тәлімгерлерді бекітудің тәртібі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңының 20-бабы 5-тармағына сәйкес әзірленді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) мемлекетік қызметші – мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет қабылданған, сондай-ақ оны тоқтатқаннан кейін мемлекеттік әкімшілік қызметке қайтадан кірген тұлға (бұдан әрі – қызметші);
      2) сынақ мерзімі – қызметшілер үшін олардың орналасқан мемлекеттік лауазымдарға сәйкестігін тексеру мақсатында белгіленетін уақыт кезеңі;
      3) тәлімгерлік – қызметшілерді қызметтік міндеттерін өз бетінше орындауға бейімдеу мен кәсіби дайындау үрдісі;
      4) тәлімгер – қызметшіге бекітілген, оның кәсіби даярлығына практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші;
      5) тәлімгерлер кеңесі – тәлімгерлердің қызметін үйлестіретін, персоналдың кәсіби деңгейін және оның сабақтастығын нығайтатын тұрақты жұмыс істейтін ұжымдық қызмет органы;
      6) тәлімгерлер резерві – тәлімгерлер кеңесімен тәлімгерлік қызмет үшін ұсынылған мемлекеттік қызметшілер тізімі;
      7) уәкілетті тұлға – мемлекеттік органның қызметшілерін лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар лауазымды тұлға.

   2-тарау. Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттары

      3. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш рет кірген, сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кірген мемлекеттік қызметшілер үшін сынақ мерзімі үш айды құрайды.
      Сынақ мерзімінің нәтижесi қанағаттанарлықсыз болғанда сынақ мерзімі мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) не ол уәкілеттік берген лауазымды адамның шешімі бойынша кейіннен қайта ұзартылмайтын үш айға ұзартылады.
      4. Қызметшінің сынақ мерзімінен өту кезеңі мемлекеттік органның оны мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы актісі шыққан сәтінен бастап саналады.
      5. Сынақ мерзімінің нәтижесi қанағаттанарлықсыз деп танудың негізі үшін қызметшімен өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді тиісті орындай алмауы болып табылады.
      Барлық фактілер, сондай-ақ қызметшімен өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді тиісті орындай алмауды растайтын тәлімгер (немесе қызметшінің тікелей басшысы) ұсынған материалдар мен құжаттар персоналды басқару қызметімен (кадр қызметімен) жазбаша тіркеліп, жиналады және сынақ мерзімінің нәтижесі туралы ұсыныста көрсетіледі.

   3-тарау. Тәлімгерлікті бекітудің тәртібі

      6. Сынақ мерзімі кезеңінде, оның ішінде оны ұзартқан кезде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерге тәлімгерлер бекітіледі.
      Қызметкер дәлелді себептермен қызметте болмаған кезең тәлімгерлік мерзіміне есептелмейді.
      7. Мемлекеттік қызметшіні тәлімгер ретінде бекіту мемлекеттік органға қызметші тағайындалған күннен бастап бес жұмыс күннен кешіктірілмей, уәкілетті тұлғаның бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.
      8. Бір тәлімгерге екі қызметшіден артық бекітуге жол берілмейді.
      9. Уәкілетті тұлғаның бұйрығымен тәлімгерді алмастыру:
      1) тәлімгердің жұмыстан шығуы не басқа жұмысқа ауысуы;
      2) тәлімгердің дәлелді себептер бойынша жұмыста екі аптадан астам болмауы;
      3) тәлімгердің жалпы не нақты қызметшіге қатысты тәлімгерлік қызметтен шеттету туралы негізделген жазбаша өтініші;
      4) қызметшінің тәлімгерді алмастыру туралы негізделген жазбаша өтініші жағдайларында жүзеге асырылады.
      Бұл ретте, тәлімгерлікті жүзеге асыру мерзімі өзгертілмейді.
      10. Тәлімгерді тәлімгерліктен босату мен қызметшіге жаңа тәлімгерді бекіту арасындағы кезең бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      11. Тәлімгер оны тәлімгер ретінде бекіткен күннен кейін үш жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша Сынақ мерзімі кезеңіне мемлекеттік қызметшінің бейімделу жоспарын (бұдан әрі – Бейімделу жоспары) әзірлейді.
      Бейімделу жоспары қызметші жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшенің басшысымен келісіледі.
      12. Тәлімгер:
      1) қызметшінің бейімделу жоспарын орындауына күнделікті бақылауды жүзеге асырады;
      2) қызметшіге таңдалған мамандықты игеруге көмектеседі, оған қызметтік міндеттерді түсіндіріп, оларды сапалы орындаудың әдістері мен тәсілдерін көрсетеді, жіберілген қателерді анықтап, бірлесіп талдайды және жояды;
      3) қызметшіге қызметтік істі тиімді жүзеге асырудың, сондай-ақ қойылған міндеттерді өздігімен шешудің оң үлгісі болып табылады;
      4) қызметшіні ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысуға тартады, салауатты өмір салтын жүргізуге үгіттейді, жалпы мәдени және кәсіби зерденің дамуына көмектеседі, патриотизмге тәрбиелейді;
      5) қызметшінің жігерлігін, іскерлік және рухани қасиеттерін, оның жұмысқа, ұжымға және азаматтарға қатынасын зерделейді;
      6) қызметшінің еңбек тәртібін және заңдылықты бұзуын болдырмау бойынша шаралар қолданады;
      7) қажеттілік болған жағдайларда қызметші жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшенің басшысына оған тәрбиелік және тәртіптік әсер ету шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгізеді;
      8) тәлімгерлік бойынша жұмыс жағдайы үшін жауапты болып табылады.
      13. Қызметші:
      1) өзіне берілген тапсырмаларды орындайды, бейімделу жоспарында көзделген іс-шараларды жүзеге асырады;
      2) өзінің тәлімгерінен көмек сұрай алады;
      3) өзінің кәсіби біліктілік деңгейін жоғарылатуға, дағдылары мен қабілеттерін дамытуға, білім алуға күш салады;
      4) ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысады;
      5) тәлімгерден жұмыстың тиімді нысандары мен әдістерін қабылдайды;
      6) лауазымдық міндеттерін орындауда тәлімгердің ұсынымдарын басшылыққа алады;
      7) қойылған міндеттерге сәйкес жұмысының қорытынды нәтижелері үшін жауапты болып табылады.
      14. Тәлімгерлер кеңесі мемлекеттік органда (штаттық саны он бірліктен кем мемлекеттік органды қоспағанда) құрылады және кем дегенде үш адамнан тұрады.
      Бірыңғай персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) құрылған жағдайда, құрылған мемлекеттік органдар үшін бірыңғай тәлімгерлер кеңесін құруға рұқсат етіледі.
      15. Тәлімгерлер кеңесінің құрамын, оның төрағасын қоса алғанда, мемлекеттік органның басшысы бекітеді.
      Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің, соның ішінде персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) басшыларының қатарынан тағайындалады.
      16. Тәлімгерлер кеңесі:
      1) тәлімгерлерді таңдауға және олардың қызметін үйлестіруге, тәлімгерлер резервін құруға қатысады;
      2) тәлімгерлерге олардың қызметін ұйымдастыруда, тәлімгерлік жұмыстың оң тәжірибесімен алмасуда және қолдануда әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді;
      3) тәлімгерлер мен қызметшілердің атқарылған жұмыс туралы есептерін тыңдайды.
      17. Тәлімгерлер резерві мемлекеттік қызмет өтілі екі жылдан кем емес, жоғары кәсіби қасиеттерге ие, соңғы жыл бойы қызметін бағалауда «тиімді»-ден кем емес нәтижелері, тәрбие жұмысына бейімділігі және ұжымда беделі бар, сондай-ақ соңғы жыл бойы тәртіптік жазасы жоқ мемлекеттік қызметшілерден қалыптастырылады.
      Штаттық саны он бірліктен кем мемлекеттік органдарда тәлімгерлер резерві қалыптастырылмайды.
      18. Құрылымдық бөлімшелердің басшылары осы Қағидалардың 17-тармағының талаптарына сәйкес келетін мемлекеттік қызметшілердің тізімін, олардың мінездемелерін және тәлімгерлік қызметке жазбаша келісімін қоса персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) жібереді.
      19. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) ықтимал тәлімгерлердің тізімдерін жинақтайды және жиынтық ақпаратты тәлімгерлер кеңесіне береді. Ықтимал тәлімгерлерді қосымша сипаттайтын мәліметтер болған жағдайда, олар да жиынтық ақпаратқа тіркеледі.
      20. Ұсынылған құжаттарды қарастыру қорытындысы бойынша тәлімгерлер кеңесі кандидаттарға қатысты оларды тәлімгерлер резервіне алу үшін шешім қабылдайды.
      Шешім хаттама түрінде еркін нысанда ресімделеді.
      21. Тұлғаларды тәлімгерлер резервінен шығару үшін:
      1) тәлімгерлер резервінде тұрған тұлғаны жұмыстан шығару;
      2) тәлімгерлер резервінде тұрған тұлғаны қызметтік әрекетіне байланысты тәртіптік не басқа да жауаптылыққа тарту;
      3) тәлімгерлер резервінде тұрған тұлғаның тәлімгерлік қызметтен босату туралы жазбаша өтініші негіз болады.
      22. Тәлімгерлер резервінде тұрған тұлғалардың саны мемлекеттік органның әрбір құрылымдық бөлімшесі бойынша қызметшілерге тәлімгерлік ету үшін жеткілікті болуы қажет, бірақ олардың ерекше мәртебесін сақтау мақсатында артық болмауы тиіс.
      23. Қызметші тәлімгерлік мерзімі аяқталғаннан кейін бейімделу жоспарының орындалуы, басқа орындалған тапсырмалар, тәлімгерлік кезеңінде алынған білімдері мен дағдылары, тәлімгерлікті ұйымдастыру жөнінде ескертулер мен ұсыныстар туралы есеп дайындайды.
      24. Қызметшінің есебі оның жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшенің басшысына ұсынылады.
      25. Тәлімгерліктің аяқталуы бойынша тәлімгер қызметшіге қызметшінің лауазымдық міндеттерінің орындалу нәтижелері, оның кәсіби білімінің деңгейі, шеберлігі мен дағдыларының дамуы, қызметтік міндеттерін өз бетінше орындау қабілеті, қызметтік құжаттамаларды дайындау сапасы көрсетілетін пікір дайындайды.
      26. Пікір қызметші жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшенің басшысына ұсынылады.
      27. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) қызметшінің есебі мен тәлімгердің пікірін тәлімгерлік аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тәлімгерлер кеңесіне ұсынады.
      28. Тәлімгерлер кеңесі атқарылған жұмыс туралы тәлімгерлер мен қызметшілерді тыңдайды.
      Қажет болған кезде, оларды тыңдау үшін қызметшілер жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшелердің басшылары шақырылады.
      29. Бірыңғай тәлімгерлер кеңесі құрылған жағдайда, атқарылған жұмыс туралы ақпаратты жазбаша түрде қарауға рұқсат етіледі.
      Аталған ереже алшақта орналасқан елдi мекендердегі мемлекеттік органдарға қатысты қолданылады.
      30. Тыңдау немесе атқарылған жұмыс туралы ақпаратты қарау қорытындылары бойынша тәлімгерлер кеңесі уәкілетті тұлғаға қызметшінің сынақ мерзімін өтуі не өтпеуі туралы ұсыныс енгізеді.
      31. Тәлімгерлер кеңесі құрылмаған мемлекеттік органда атқарылған жұмыс туралы ақпарат уәкілетті тұлғамен тыңдалады немесе қаралады.
      32. Тәлімгердің пікірі, қызметшінің есебі басқа да қажетті құжаттармен бірге қызметшінің және тәлімгердің жеке ісінде сақталады.
      33. Қызметтік борышын үлгілі орындағаны, қызметшінің кәсіби қалыптасуы мен тәрбиесіне қосқан елеулі үлесі үшін тәлімгерлер кеңесі уәкілетті тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәлімгерді көтермелеуді ұсынады.
      34. Тәлімгерлікті ұйымдастыру персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) жүктеледі.
      Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) тәлімгерлікті ұйымдастыру тәжірибесін зерделейді және жинақтайды, мемлекеттік органның басшысына тәлімгерлік бойынша жұмысты жетілдіру туралы ұсыныстар енгізеді.

Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары
 мен шарттарын және тәлімгерлерді
 бекітудің тәртібіне        
 қосымша               

Нысан

«КЕЛІСІЛДІ»                   
Мемлекеттік қызметшінің басшысы
 _______________________       
 20__ж. «___»__________        

   Сынақ мерзімі кезеңіне мемлекеттік қызметшінің бейімделу жоспары

алғашқы үш айға, кейінгі мерзімге (қажет емесін сызып тастау керек)

Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) ___________________________
Құрылымдық бөлімше __________________________________________________
Лауазымы ____________________________________________________________
Жұмысқа шыққан күні _________________________________________________
Сынақ мерзімінің аяқталу күні _______________________________________
Тәлімгердің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), лауазымы _____

Іс-шараның атауы

Жоспарланған нәтиже

Іс-шараның аяқталу уақыты

Орындалған
 іс-шараның, мақсатқа қол жеткізудің бағасы
(2-ден 5-ке дейін)

Тәлімгердің қолы


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 

Мемлекеттік қызметші
бейімделу жоспарымен танысты __________ _____________________
                               (қолы)   (қолды таратып жазу)

20__ж. «___»______________



 

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК